Жоқтан бар жасап жатқан жерде болып көрдіңіз бе? Қарт Ертістің бойындағы қос станса - Өскемен мен Шүлбі су электр стансаларында екі күндік пресс турмен болғанымызда, табиғи байлығымызды ел игілігіне жаратып отырған стратегиялық нысандардың жұмысымен жақынырақ танысып, өзен суын таусылмас энергияға айналдырып тұрған дамылсыз гидроагрегаттар үдерістерін көзімізбен көріп қайттық.
Америкалық AES Corporation компаниясына 1997 жылдан бастап 20 жылға жалға берілген Шығыстағы «АЭС Өскемен СЭС» ЖШС мен «АЭС Шүлбі СЭС» ЖШС стансалары былтырғы қазанда мемлекетке қайтарылған болатын. Қазір бұл екі су электр стансасының жағдайын бақылау және тарифін қалыптастыру мемлекет құзыретінде.
Соңғы жылдары Өскемен су электр стансасында гидроагрегаттардан бастап барлық өндіріс құралдарының жұмыс істеу сенімділігін, нысанның, жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыру бағытында кешенді қайта жарақтандыру, жаңғырту жобалары жүзеге асырылған.
2009 жылдың 17 тамызында Енисей өзеніндегі Саян -Шушенск СЭС-інде болған апаттың салдары мен сабақтарын, түйткілдерін Өскемен СЭС энергетиктері де көңілге түйіп, ескеріп отыр. Саян - Шушенск стансасында апатқа ұшыраған № 2 гидроагрегаттың салмағы 1300 тонналық айналмалы роторын ұршықтай иіріп жоғарыға лақтырып, бетон кесектер мен металл бөлшектер біткеннің бәрін быт-шыт қылып көкке ұшыра, бас-аяғы бірер минуттың ішінде машина залына лап қойған жойқын судан стансада жұмыс істеп жатқан 75 жұмысшы маман ешқайда қашып құтыла алмай, жұмыс орындарында көз жұмған болатын. Бұл апат адамға орасан зор пайдасын тигізіп тұрған алыптың бойындағы кішкентай ғана ақаудың орны толмас өкінішке қалдыратынын көрсетті.
-Стансаға жеке дизельді генератор қондырғысы да орнатылды. Саян-Шушенск СЭС-інде болған апат кезіндегідей генераторлардың түгелдей тоқтап қалуына жол берілмейді, орнатылған қондырғының көмегімен станса ешқандай жүйеге тәуелсіз өзін-өзі автономды түрде энергиямен қамтамасыз ете алады, -деп түсіндірді бізге пайдалану цехының басшысы Дмитрий Ведякин стансада жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың бірінің тиімділігін. Осы жерде 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан цех басшысының айтуынша, соңғы 10-15 жылда Өскемен СЭС–і бұрын-соңды болмаған қайта жарақтандыру кезеңінен өткен. Бір ауыз сөзбен жаза салғанымызбен, оның артында қаншама қаржы, қаншама еңбек, қаншама жоба, қаншама уақыт тұр. Жол бастаушымыз соның бәрін көрсетіп, тәтпіштеп түсіндіріп жүр.
Стансадағы қайта жарақтандыру шараларының, жобаларының нәтижесінде Өскемен су электр стансасының қауіпсіздігімен қоса өндіретін қуаты артып, белгіленген 331,2 МВт-тан 355,6 МВт-қа көбейген.
-Өскемен СЭС – Қазақстанның ең алғашқы гидростанцияларының бірі, бірақ өзінің «қадірлі» 65 жылдық жасына қарамастан, екінші рет дүниеге келді. 2013 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде Энергетика министрімен бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес төрт гидроагрегаттың үшеуі жаңғыртудан өтті, гидрогенератор, гидротурбинаның доңғалағы, көтергіш трансформаторлары ауыстырылды. Гидроагрегаттарды, стационарлық мониторингті, гидротурбиналар арқылы өтетін су шығынын бақылаудың ультрадыбыстық жүйесін автоматтандырылған басқарудың заманауи жүйелері енгізілді. Ескірген қоздыру жүйесі заманауиына ауыстырылды. Жаңартылған турбиналардың пайдалы әсер коэффициенті бұрын 90% болса, қазір жоғарғы деңгейі 96,6%-ға жетті, - дейді Өскемен СЭС техникалық директоры Олег Изотов.
Ағымдағы жылғы тамыз айында стансадағы № 4 гидроагрегат күрделі жөндеуге шығарылған. Келер жылдың сәуірінде қатарға қосылмақ. Гидроагрегатты күрделі жөндеу кезінде блоктың жылуды бақылау жүйесі жаңғыртылып, гидроагрегат арқылы су шығынын өлшеудің ультрадыбыстық жүйесі енгізілмек, сондай-ақ жүйеге өрт пен жарылыстың алдын алу жүйесінің трансформаторлары да орнатылмақ.
Соңғы жылдары Өскемен СЭС-інде энергия өндірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес бөгеттің жай-күйіне диагностика жасау жүйесі, тұрмыстық және инженерлік-тұрмыстық корпус, орталық бақылау-өткізу пункті, өрт депосы ғимараттарын салу, бөгеттің қорғаныс қабатын қалпына келтіру сияқты көптеген қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылған.
-Станция басшылығы қоғам алдындағы, соның ішінде станция қызметкерлерінің алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, станцияны жаңғырту жобаларымен қатар, жұмыс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, еңбекті қорғауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға үлкен назар аударып отыр, - дедіпресс тур кезінде журналистерге стансадағы қайта жарақтандыру барысы туралы әңгімелеген серіктестіктің атқарушы директоры Тілек Айдабулов.
Өскемен СЭС-нің қуатын пайдаланушы басты тұтынушылар: облыс халқын энергиямен қамтамасыз етіп отырған «Шығысэнерготрейд», «ШҚАЭК» және ТМК кәсіпорны. Биыл стансадан босатылатын электр энергиясының кВт. сағ. бағасы 4,5 теңгеден біршама төмендеп, Энергетика министрлігіндегі бақылау кеңесінің шешімімен 4,39 теңгеге түскен. Жуықта Президент Үкіметке жыл соңына дейін елде электр энергиясының құнын төмендетуді тапсырды. Қазіргі күні энергия өндіруші стансалардың жұмысын тексеріп, бағаны реттеуге орай табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау, прокуратура, салалық министрліктер өкілдерінен құрылған арнайы жұмыс тобы құрылып жұмыс істеп жатыр.
Өскемен СЭС 65 жыл жұмыс мерзімі ішінде 96,4 млрд. кВт*сағ. астам энергия өндірген. Станция өз тарихында электр энергиясын өндіру бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткішке 2017 жылы қол жеткізген – (жылдық орташа өндіріс 1,6 млрд.кВт*сағ ) станса былтыр 1 млрд. 943 млн. кВт*сағ-тан астам электр энергиясын өндірді.
ШҮЛБІ СЭС ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТТІ
Қуаты 702 МВт-ты құрайтын Шүлбі су электр стансасы Шығыс Қазақстанда жыл сайын тұтынылып келе жатқан 8 млрд. кВт.сағ электр энергиясының төрттен бірін жауып отыр.Шүлбі кентінің іргесінде орналасқан бұл станса Ертіс бойындағы еліміздегі ең ірі қуат өндіруші болып саналады.
... Стансаның бас басқару пультіндегі кеекші энергия өндіріп жатқан 4-ші, 5-ші гидроагрегаттар мен қосалқы құрал-жабдықтардың жұмысын ұдайы бақылауда ұстап тұр.
Біраздан соң біз сол гидроагрегаттардың өзі орналасқан машиналар залына түстік. Электр стансасында барлығы алты гидроагрегат бар болса, екеуі резервте тұр екен, біреуіне ағымдық жөндеу жүргізіліп жатыр. Алтыншы, №3-ші гидроагрегат күрделі жөндеуден өткізілуде. Стансаның техникалық директоры Иван Долгопятов алты агрегаттың бәрі бірдей негізінен көктемгі су тасқыны кездерінде іске қосылатынын айтты. Машина залында барлық алты агрегат жұмыс істеп тұрған кезде де шу осы бірқалыпты деңгейінен аспайтын көрінеді. Агрегатқа жөндеу жүргізіп жатқандардың ішінде қазақстандық мердігерлермен бірге, Украинадан келген мамандар да бар.
Электр энергиясын өндіру үдерісін қамтамасыз ететін қаншама құрал-жабдықтар қойылған стансаның әр қабатындағы жұмыс нүктелерінің бәрі де басқару пультінің бақылауында. Стансада мердігерлермен қоса есептегенде қанша жұмысшы жүргендігі де осы орталықтың қадағалауында.
Станса бөгеті, оның өзі қаншалықты қауіпсіз? Гидротехникалық имараттардың, гидроагрегаттарға тербелістік бақылау жүргізудің жағдайына қадағалау жасайтын автоматтандырылған жүйе енгізілгеннен кейін, басқару пультінде стансаның өн бойына тәулік бойы ұдайы бақылау жүргізіп отыру мүмкіндігі туған.
Қарапайым болса да, көпшілік жұрттың қаперіне кіре бермейтін мына бір қауіпсіздік тәсілі де өзіне назар аудартпай қоймады. Стансадағы эвакуациялық шығу бағыттарына флуоресцентті жарықтандыру қойылған. Өздігінен көрінетін жолақтар апаттық жағдайда жарық сөніп қалса, қараңғыда жұмысшылардың қай бағытта қозғалуын, қашуын жарқырап көрсетіп тұрады.
- Біз энергетиктер қашанда бір-бірімізбен байланысып, араласып тұрамыз. Егер Саян-Шушенск трагедиясына қайта оралатын болсақ, сол апатта көптеген жұмысшылар қараңғыда қай жаққа қарай қозғалуды білмей қамалып қалып, мерт болған. Біздің стансаға қойылған бұл өздігінен жарқырайтын эвакуациялық бағыттар – сол апаттың салдарын зерттей отырып жасалынған шаралардың бірі, - деді стансаның техникалық директоры Иван Долгопятов нысанның төменгі қабатының біріне түскенімізде қабырға бойындағы ұзын жолақтарға көңіл аудартып. Жарық сөндіріліп, ғимарат іші тас қараңғы болып қалғанымен, баспалдақтардың қабырғасындағы сары жолақты бағыттар жарқырай жанып жоғарыға қарай жол нұсқап тұрды.
- Құрал-жабдық, технологиялар қанша озық болса да, оларды пайдаланудың сенімділігі сол жабдықтармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігіне байланысты, - дейді атқарушы директор Тілек Айдабулов. – Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын басшылыққа ала отырып, біз мамандарымыздың әлеуетін арттыруға көп күш, қаржы салып отырмыз. Мамандарымыз Қазақстан мен Ресейдегі гидроэнергетика мамандарын даярлайтын жетекші оқу орындарының өндірістік алаңдарында шеберлік сыныптарына, семинарлар мен тренингтерге қатысып, үнемі біліктіліктерін арттырып жатыр.
Шүлбі СЭС-нің алғашқы турбинасы 1987 жылдың желтоқсанында іске қосылған. 30 жылдан астам уақыт ішінде станса 48,7млрд. кВт сағ энергия өндірген. 2016 жылы Шүлбі СЭС энергия өндіруде тұңғыш рет рекордтық көрсеткішке жетіп, 2 млрд. 230 млн. кВт.сағ электр энергиясын өндірді.
ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
Шаңсорғышты жарнамалап жүрген агент кішкентай қаптағы қоқысты еденге шашып жіберіп:
- Осы қоқысты бес секундта мына шаңсорғышпен сорып алмасам, бәрін өзім жейтін боламын! Көр де тұрыңыз!
- Ендеше мен қазір қасық алып келейін...
- Тұра тұрыңыз, қайда кеттіңіз?
- Айттым ғой қасық алып келейін деп, біздің үйде свет жоқ!
Жанаргүл Мұқатай