Әлихан Смайылов Абай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорындарды аралады.
Ондағы ахуалмен танысып, жаңғыртудан өткен кәсіпорындарда болды. Ал Облыс әкімдігі алдағы жоспарларымен бөлісіп ауыл тұрғындарына берілетін жеңілдетілген несие жайында ақпарат берді.
Шүлбі гидроэлектростансасы еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Онда қазір гидроэлектростансадағы негізгі жабдықтың жағдайын бақылайтын және ақауларды ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Жұмыс барысын көзбен көру үшін Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысына жұмыс сапары кезінде Шүлбі ГЭС-не барды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Станса басшылығы Шүлбі ГЭС-інің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту үшін бар күшін салуы тиіс. Стансаның қуаттылығын арттыру жөніндегі жоспарлар іске асыра отырып, жақсы нәтижелерге ұмтылу қажет. Бұған қоса, жалақы мәселесін шешу керек, біз «Самұрық-Энерго» алдына осындай міндет қоямыз.
Әлихан Смайылов жылына 10 тоннадан астам концентраттағы алтын өндіретін Жарма ауданында орналасқан Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында да болды. Мұнда орналасқан кен-байыту фабрикасының жабдықтары заманауи өлшеуіш құралдарымен және жергілікті автоматикамен жабдықталған. Былтыр зауыттың қуаттылығы артты. Қазір онда жылына 2,2 млн тонна кен өңдеуге болады. Кәсіпорын мұнымен шектелмей, енді бұл көрсеткішті 2,4 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Бизнестің проблемаларын жедел шешіп, оның дамуын тежейтін кедергілерді анықтау керек. Бұл салық салуға, кейбір әкімшілік мәселелерге, мысалы, рұқсатнама немесе басқа құжаттарды беруге қатысты болуы мүмкін. Іскерлік белсенділіктің артуын ынталандыру үшін бұл процестерді оңтайландыру қажет.
Сондай-ақ Премьер-Министр май өндіретін зауыт жұмысымен танысты. Мұнда тәулігіне 1000 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын немесе 800 тонна рапс өңдеуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта дайын өнім ішкі нарыққа және көршілес елдерге жөнелтіледі. Бүгінде мұнда тазартылған май шығаруға мүмкіндік беретін құны 7 млрд теңге болатын жаңғырту жобасы әзірленуде. Оны жүзеге асыру үшін қажетті қаржының басым бөлігін мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы тарту жоспарланған.
Николай Ушаков, зауыт басшысы:
- Біз биыл тәулігіне мың тонна май өндіретін жағдайға жеттік. Халық қолданатын күнделікті күнбағыс және зығыр майын өңдеп шығарамыз. Ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етіп жатырмыз. Болашақта жаңа жобалар аясында жұмыс аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Әлихан Смайылов жұмыс сапары аясында облыстағы түйткілді мәселелерді рет-ретімен тыңдады. Әкімдіктің ауыл тұрғындарына жылдық үстемақысы 2,5% жеңілдетілген шағын несие беру жоспарларын қолдады.